Астанада Сарыарқа ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Автор: Асыл Арман

Ол осыған дейін «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының орынбасары болған

Фото: Астана әкімдігі

Астанада Сарыарқа ауданына әкім болып Жанасыл Шаукентаев тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа әкім ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша меритократия қағидатына сәйкес тағайындалды.

Бұл қызметке осыған дейін «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының экс-орынбасары болған Жанасыл Шаукентаев кірісті.

2014 жылдың қараша айынан бастап Астана қаласының әкімдігінде түрлі лауазымдарды атқарды: қаланың Жер қатынастары басқармасы, қала әкімінің аппараты, қаланың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және т.б. Соңғы жылдары «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы, «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек аудан мен елді мекендерді дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді», - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.