Президентке ассамблеяның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысы туралы ақпарат берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА төрағасының орынбасарларын қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Дмитрий Останькович пен Расул Ахметовті қабылдап, қызметтеріне табыс тіледі.
Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісінде ҚХА ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында президентке ассамблеяның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысы және аталған институттың 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыруға ассамблеяның барлық этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарын кеңінен тарту маңызды екеніне назар аударды.
Кездесу соңында президент этносаралық қатынастарды одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екі орынбасарын тағайындағаны хабарланған болатын.