Ол психикалық стационарға жатқызылды
Шымкентте психикалық ауырумен ауыратын адам анасын пышақтап өлтіріп, артынша өртеп жіберген. Ол осы қылмысы үшін түрмеге қамалмайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анасын өлтірген ұлға медициналық мәжбүрлеп емдеу шаралары қолданылды.
«2025 жылдың қаңтар айында психикалық аурумен ауыратын сотталушы өзінің анасы оны бала кезінде ұрысқаны және нағашыларының қолына қалдырып кеткені есіне түсіп, кек алу мақсатында ұйықтап жатқан жәбірленушіге бірнеше рет асханалық пышақты сұғып, оны құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратқан.
Әрі қарай, қылмысын жасыру мақсатында сол күні сотталушы аулада от жағып, жанып тұрған от үстіне мәйітті тастап өртеп жіберген.
Сотталушының кінәсі, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен дәлелденеді», - делінген қалалық сот хабарламасында.
Прокурор сотталушыны ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танып, қылмыстық жауаптылықтан босатып, оны интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шараларын қолдануды сұрады.
Қорғау тарабы прокурордың осы ұстанымымен келісті.
«Сот қаулысымен, сотталушы ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танылып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын қолданып, қылмыстық істі өндірістен тоқтатты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.