Мегаполисте коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген
Алматыда бес жарым мыңдай медицина қызметкеріне қосымша үстемақы төленетін болды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.
Коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған дәрігерлерге 5,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бектілген тізім бойынша сәуір айының өзінде медицина қызметкерлеріне тағы 1,5 миллиард теңге үстемақы қосылған. Вирусқа қарсы күреске жұмылдырылған медицина нысандарының тізімін Алматы әкімдігіндегі арнайы комиссия бекітті.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлауынша, жалпы Алматы қаласында коронавирус эпидемиясына қарсы күрес шараларына 9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Оның ішінде:
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары немесе емханалар (блок-бекеттер, фильтрлер, мобильді бригадалар, 4-санатты шақыртуларға барған мамандар) – 132,8 млн теңге (1089 адам).
«Қазіргі таңда қалада эпидемияға қарсы іс-шараларға 86 денсаулық сақтау нысаны жұмылдырылған.1 маусымдағы мәлімет бойынша, алматылық 5398 медицина қызметкерінің жалақысына қосымша ақы ретінде 1,5 миллиард теңге төленген», - деді МСҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, қосымша төлемдер денсаулық сақтау саласы қызметкерінің өміріне төндіретін қауіп деңгейіне қарай төленеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы