Чемпиондар лигасы: «Барселона» мен ПСЖ жеңіліп тұрып, жартылай финалға шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Барселона» араға 6 жыл салып, жартылай финалға жолдама алды

Фото: Instagram/championsleague

«Барселона» мен ПСЖ командалары Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Барселона» ширек финалдың қарымта кездесуін «Боруссия Дортмунд» командасымен сырт алаңда кездесіп, 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Кездесуде соғылған голдың барлығын алаң иелері салды. «Боруссия» сапынан Серу Гирасси хет-трик жасаса, «Барселонаның» еншісіндегі жалғыз голды дортмундтық Рами Бенсабаини автогол ретінде соғып алды.

Ширек финалдың алғашқы кездесуінде «Барселона» 4:0 есебімен жеңген. Жалпы есеп: 5:3.

Ал ПСЖ сырт алаңда «Астон Вилламен» кездесіп, 2:3 есебімен ұтылды. Париждіктер Ашраф Хакими мен Нуну Мендештің шеберлігінің арқасында екі гол соғып алған. Алайда «Астон Вилла» қаһарына мініп, камбэк жасап, жартылай финалға шығуға шақ қалды. Алаң иелері сапынан Юри Тилеманс, Джон Макгинн, Эзри Конса бір-бір голдан соғып, жеңісті жұлып алды.

Алайда Парижде өткен кездесуде ПСЖ «Астон Вилланы» 3:1 есебімен жеңген. Соның арқасында екі кездесудің қорытындысы бойынша 5:4 есебімен франциялық ұжым жартылай финалға шықты.