Қызылорда облысында мал іздеп кеткен бақташылар адасып кетті
Оларды іздеу үш күнге жалғасты

Қызылорда облысының полицейлері жергілікті шаруа қожалығының жоғалып кеткен бақташыларын тапты. Таңертеңгі уақытта Жалағаш ауданының полиция бөліміне осыдан үш күн бұрын үш бақташының жоғалғандығы туралы хабар түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, олар Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылынан жайылымдағы малды іздеп шыққан. Жайылымдық жерден уақытында оралмаған бақташыларды отбасы мүшелері өз күшімен іздеген. Алайда нәтиже болмағандықтан полицияға жүгінген.
Аталған дерек Жалағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, адам жоғалу дерегі бойынша қажетті шаралар жүргізілді.
«Хабар түсе салысымен полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап, жедел әрекетке кірісті. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындарынан арнайы топ құрылып, жоғалған бақташыларды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ауданның барлық ауылдары, далалық жолдар түгел қамтылды.
9 сағатқа жалғасқан іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Учаскелік полиция инспекторы кенттен 160 шақырым жерде орналасқан Жалағаш ауданына қарасты Шақ-Шақ далалық жерден жоғалған бақташыларды аман тапты. Қырағылық танытқан сақшылардың жедел әрекеті арқасында жоғалған азаматтар дін аман табылып, отбасыларымен қауышты. Табылған малшылар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне риясыз алғыстарын білдірді», - делінген ПД хабарламасында.