Жұмыс беруші қызметкерін бір минут ерте кеткені үшін жұмыстан шығарып жіберген

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бір айда 6 рет жұмыстан ерте кеткен

Фото: Azattyq Ruhy

Қытайдың Гуандун провинциясында тұратын Ван есімді әйел жыл ішінде алты рет жұмыстан бір минут ерте кеткені үшін жұмыстан шығарылып, кейін бұл шешімді сот арқылы қайта қарауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үш жыл бойы Гуанчжоу қаласындағы компанияда жұмыс істеген Ван өз қызметінде жақсы беделге ие болғанын айтқан. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады.

Алайда компанияның кадр бөлімінің менеджері оған видеобақылау жазбалары бойынша бір минут ерте кеткенін алға тартып, оны бірден жұмыстан шығарған. Бұл жағдай өткен жылы бір ай ішінде алты рет қайталанған.

Ван өз құқығын қорғау мақсатында еңбек құқығын қорғау органына шағымданып, кейін сотқа жүгінген.

Сот компанияның әрекетін негізсіз деп танып, қызметкерді бұған дейін ескертпегенін және жұмыстан шығаруға заңды негіз болмағанын атап өтті. Соның нәтижесінде Ванның жұмыстан босатылуы заңсыз және әділетсіз деп танылып, сот оған өтемақы төлеуді міндеттеді. Өтемақы көлемі нақты көрсетілмеген.