Жыл басынан бері 538 кооператив өкілі оқытылған
Бүгінде тұрғын үй қорын басқару саясатын жетілдіру еліміздің күн тәртібіндегі өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Астана қалалық «AMANAT» партиясының филиалында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заң жобасына енгізілетін бірқатар түзету кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырыста ПИК басшылары, тұрғын үй қауымдастығының өкілдері өз мәселелерін айтып, пікір алмасты.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек партия филиалының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «TURGYNDAR AMANATY» жобасы жайлы айтып берді.
«Тұрғын үй қатынастарына байланысты меншік иелері бірлестігінің өкілдерінің жұмысын жетілдіріп, білімін арттыруға арналған «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылады. Астана қаласының тұрғындары үшін қауіпсіз, қолайлы, жайлы ортада өмір сүруі өте маңызды. Сол себепті көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғындар меншік иелерінің кооперативіне тәуелдіміз. Кейбір жағдайда кооператив өкілдеріне арналған семинар өткізіп, сауатын арттырып, бағыт-бағдар беру бойынша жұмыстарды атқардық», - деді ол.
Мұхаммед Болысбектің айтуынша, жыл басынан бері 538 кооператив өкілі оқытылды.
«Олардың ұсыныстары мен өтініштері ескерілді. Бүгін сол кісілердің өтініштерін Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына енгізуге мұрындық боламыз. Бірінші кезекте әрбір кооператив иесі заң аясында жұмыс істейді», - деді Болысбек.
Ал Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй коммуналдық мәселелері жөніндегі заң жобасы жұмыс тобында талқыланып жатқанын айтты.
«Астанада осыған дейін бірқатар алаңда кездесу өткіздік. Бүгінде бұл мәселе өзекті болған соң енгізілетін өзгерістерді кең ауқымда талқылап, тараптардың пікірін тыңдаған тиімді. Себебі заң жобасы әрбір қала тұрғынына қатысты. Бізде тұрғын үйлердегі адамдардың белсендігі, пікірі мен ұстанымдары әртүрлі. Сондықтан тәжірибеде болған проблемаларды ескеру үшін ұсыныстар енгізген дұрыс. Бұл мәселелер тарифтерге мүлдем әсер етпейді. Бұл тұрғын үйді басқару мәселесін ғана қамтиды. ПИК басқаруын өзгертіп, әр тұрғын өзінің ақшасы қайда кетіп жатқанын бақылайды», - деді Смышляева.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй қорын басқару жүйесін түбегейлі реформалаудың маңыздылығын атап өткен еді.