Байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысты
Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің екі командасы NASA және АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы (National Space Society) ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысты. «YURT» жобасын ұсынған команданың құрамында алматылық оқушылар Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Дәулет бар. Олар бірінші орынды иеленді. Команда Юпитердің орбитасымен қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының жобасын таныстырды.
«Станция 30 мыңға жуық адам тұруға арналған, жасанды гравитация жүйесімен және толықтай дербес тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталған.
Екінші орынды тағы бір қазақстандық команданың «Икарус» жобасы иеленді. 45 мың тұрғынға арналған Ганимедтің төменгі орбитасында орналасқан ғарыш станциясын құрастырушылар – Асан Табылды, Арман Темірболатов, Сабыржан Іңкәрбек, Томирис Құзбакова, Мұхидин Жапаров,
Бағдәулет Әлішер, Берік Уәли, Нұрсұлтан Айсұлу, Арлан Таиров, Аслан Бақыт. Жетекшілері — 12 сынып оқушысы Әділет Сандықбаев»
Space Settlement Contest — мектеп оқушыларына арналған халықаралық жыл сайын өткізілетін байқау. Ол оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін, креативтілігін және ғылымға ұмтылысын дамытуға бағытталған.