$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жыл басынан бері ондаған жасөспірім есірткімен ұсталды

Олардың арасында колледждің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар

Қазақстанда жыл басынан бері ондаған жасөспірім есірткімен ұсталды
Фото: istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі кәмелет жасқа толмаған жеткіншектердің есірткі қылмысына қатысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, биыл үш айда бүкіл ел бойынша есірткі заттарын сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар.

Айта кетерлігі, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұдан басқа, Қылмыстық кодекстің 299-1-бабында есірткіні, оның ішінде интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

«Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың араласатын ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз. Қауіптің алдын алу маңызды. Балалардың болашағы біздің қолымызда! Тек бірлесіп қана біз есірткісіз қауіпсіз қоғамды құра аламыз», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Серіктес жаңалықтары