СҚО-да Ұлттық ұлан академиясының курсанттары арасында жаппай төбелес болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиғаға қатысты Ұлттық ұлан түсініктеме берді

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының бірнеше курсанты жаппай төбелес кезінде жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Академияның 20 шақты курсантының қатысуымен жаппай төбелеске ұласқан оқиға 10 сәуірде болған. Даудың басы басшылыққа бағынбаудан басталды, кейін жанжал шығып, артынша жаппай төбелескен. Салдарынан жігіттердің бірінің мұрны сынса, қалғандарында денесінің түрлі тұстары көгеріп қалған.

Алайда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы ешкімнің ауыр зардап шекпегенін атап өтеді.

«Оқиға салдарынан бірнеше курсант гематома түріндегі жеңіл жарақаттар алды. Оқиға орнында қажетті медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады Ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметі.