Ол бірқатар нысанды аралады
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Qarmet» АҚ көмір және болат департаменттерінің нысандарын аралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында министр «Саран» шахтасына түсіп, жер астындағы 540 метр тереңдікте кен өндіру техникасының жұмысымен және кеншілердің еңбек жағдайымен танысты. Сондай-ақ, ол шахтадағы позициялау жүйесін қарап шықты. Бұл жүйе көмегімен жер астында жұмыс істеп жатқан мамандардың нақты орналасқан жері бақыланады, бұл — қауіпсіздік пен жедел әрекет ету үшін маңызды технология.
«Министр диспетчерлік-талдау орталығының жұмысын ерекше назарға алды. Бұл орталықта тәулік бойы шахталардың жағдайы бақыланып, өндірістік қауіпсіздік ережелерінің орындалуы тексеріледі және төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел басқару жүзеге асырылады»,– делінген ТЖМ хабарламасында.
ТЖМ мәліметінше, ведомство өндірістік қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ жерасты жұмыстарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және мониторинг жүргізу бойынша көмір кәсіпорындарымен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді.