Тәжікстандағы жер сілкінісін Қазақстан тұрғындары да сезінді
Зілзала ошағы Алматы қаласынан 673 шақырым қашықтықта орналасқан

Тәжікстанда болған 6,4 магнитудалы жер сілкінісінің дүмпулері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде де сезілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сейсмикалық станциялар желісінің мәліметінше, зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 673 шақырым қашықтықта, Тәжікстан аумағында орналасқан.
«Жер сілкінісінің әсері Шымкент, Тараз, Арыс, Сарыағаш, Жетісай, Шардара қалаларында және Мырзакент, Абай, Қазығұрт, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Темірлан, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса, Леңгір ауылдарында 3 балдық деңгейде сезілген», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Құлан, Меркі, Қаратау, Шаян, Шәуілдір, Түркістан, Жаңатас, Кентау, Қордай, Шу, Төле би, Мойынқұм, Шолаққорған, Шорнақ және Жаңақорған елді мекендерінде дүмпулер 2 балл шамасында байқалған.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат тіркелген жоқ. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Естеріңізге сала кетсек, Тәжікстанда магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі тіркелді.