Өткен жылмен салыстырғанда су тасқыны қаупі төмен деп бағалануда
Қазақстанның барлық өңірлерінде наурыз айының басынан бастап су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта су тасқынына байланысты ахуал төрт өңірде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында бақылауда тұр. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда су тасқыны қаупі төмен деп бағалануда.
Жалпы, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жұмыстарына 577 адам, 179 техника, 58 мотопомпа және су көлігі жұмылдырылған. Іске ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлері қатысуда.
ТЖМ мәліметінше, жергілікті деңгейде эвакуациялық бекеттер мен көлік дайын, және ведомство паводқ жағдайының өзгерістеріне жедел әрекет етуге толық дайын.
«Биылғы көктемде қар жамылғысы негізінен еріп біткен, тек Шығыс Қазақстанның биік таулы аймақтарында ғана қар қалған. Көптеген өзендерде су деңгейі төмендеуде. Дегенмен төрт облыстағы жағдай жіті бақылауда», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Министрлік азаматтарды сақтық шараларын сақтауғажәне қауіп төнген жағдайда дереу жергілікті билікке немесе 112 нөміріне хабарласуғашақырады.