Қолданушылар бұл әрекетті ұятты жағдай деп бағалады
Астанада өткен халықаралық гүл көрмесінде келушілердің бірі мүкті рұқсатсыз алып кетпек болған сәті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоны denski_blog атты Instagram парақшасы жариялаған. Кадрда бір әйелдің мүкті пакетке салып жатқанын көруге болады. Видео авторы бұл әрекетке:
«Біздің менталитет туралы барлығын осы видео айтып тұр. Керек пе, керек емес пе – үйде көреміз. Бастысы – пакет толтыру»,– деп пікір білдірген.
Бірнеше секундтан соң көрме қатысушыларының бірі – шетелдік әйел келіп, мүк ақылы екенін түсіндіреді. Бұдан кейін жергілікті келуші мүкті пакеттен шығарып, орнына қайта қояды.
Видео астына жазылған пікірлерде көптеген қолданушы бұл әрекетті ұятты жағдай деп бағалады: «Ұят болды тағы да», «Неге осындайлар бізде көп? Қарасаң, үлкен кісілер – не мерекеде, не осындай шарада – халява көрсек болды», «Көрменің беделін түсірдік…» деп жазып жатыр олар.