$ 517.16  588.48  6.23
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сәтбаев сакуралары» және Қазақстан ғылымы: еліміздегі осы салаға 143 млн доллар инвестиция тартылған

Ұлттық ғылым академиясы Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиын өткізді

«Сәтбаев сакуралары» және Қазақстан ғылымы: еліміздегі осы салаға 143 млн доллар инвестиция тартылған
Фото: Ұлттық ғылым академиясы

Бүгін Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Жиындағы тарихи сәттің бірі – академия басшылығы мен қызметкерлер «Сәтбаев сакурасын» егіп, қазақ ғылымының тарихына тағзым етті.

«Соңғы жылдары Мемлекет Басшысының тікелей қолдауының арқасында ғылымды дамытуға, оның қоғамдық өмірдегі рөлі мен орнын арттыруға бағытталған елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып жатқанын ерекше атап өтуіміз керек. 2019 жылдан бастап білім мен ғылымға салынған инвестициялар 5 еседен аса өсті, тұрғын үй беруді қоса алғанда, жас ғалымдарға көрсетілетін әлеуметтік көмек шаралары нақты айқындалды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды», - деді жиында Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

Ол сондай-ақ Қазақстан ғылымды дамыту үшін көп мөлшерде шетелдік инвестиция тартып жатқанын айтып, нақты цифрларға тоқталды.

«Академия халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жандандыру арқылы ғылымды дамытуда нақты серпіліс жасауға, шетелдік инвестицияларды тартуға, технологиялық дамыған елдердің жаңа білімдері мен үздік құзыреттерінің трансфертін жүзеге асыруға аса көңіл бөле бастады.  Біз қазірдің өзінде АҚШ, ҚХР, РФ, Германия және Оңтүстік Кореямен бірлесіп 5 ғылыми орталық құрып, ғылым саласына 143 млн АҚШ долларынан астам шетелдік инвестицияларды тартуға қол жеткіздік. Соның ішінде ең қомақтысы ол Қытай Ғылым академиясымен, Чжэцзян технологиялық университетімен және ҚХР жетекші жоғары технологиялық компанияларымен бірлесіп, Академия жанынан кеңістіктік-уақыттық интеллект пен тұрақты дамудың халықаралық зертханасын құру болып табылады. Бұл зертхана табиғи ресурстарды басқару, су тасқыны, құрғақшылық, жер сілкінісі және басқа да табиғи апаттар қаупін болжау, модельдеу  және басқару практикасында жасанды интеллекті қолдануды қамтамасыз етеді және де болашақта осы істермен бүкіл Орталық Азия елдерін қамтитын болады. Осы жобаға Қытай тарапынан  шамамен 1 млрд юань немесе 70 млрд. теңге инвестиция құйылады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары