$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қызылорданы орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау үшін 5 млрд теңге бөлінді

Қызылорда қаласы – орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы

Қызылорданы орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау үшін 5 млрд теңге бөлінді
Фото: istockphoto.com

Қызылорда қаласын ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Қызылорда облысының бюджетіне ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен шамамен 5 млрд теңге нысаналы трансферттер түрінде бөлінді.

Бүгінде Қызылорда қаласы – орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы.

Қаладағы көп қабатты үйлер электр жылыту немесе газ жылыту құрылғылары арқылы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда өңірге жұмыс сапары барысында қаланы 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын тиісті жобаны екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші кезеңде – 2024 жылы 187 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталса, екінші кезеңде – биыл 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылады.

2024 жылы бірінші кезеңге Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.

Аталған қаулы негізінде Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге биыл екінші кезеңнің бірінші кезектегі жұмыстары үшін пайдаланылады.

Осылайша, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қызылорда қаласының 423 көп қабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Серіктес жаңалықтары