Жетісу облысының тұрғынынан алаяқтар қолданатын «Sim-Box» құрылғысының 7 данасы табылды

Автор: Асыл Арман

Күдіктіден 6,5 мыңнан астам SIM карта тәркіленді

Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында аймақтық ҰҚКД, ПД-нің «Киберпол» бөлімшесі, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ және «Кселл» АҚ қызметкерлері бірлесіп, «Sim-Box» құрылғыларын заңсыз пайдаланған адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оперативтік іс-шаралар барысында 29 жастағы облыс тұрғынының үйінен 7 дана «Sim-Box» құрылғысы, роутерлер, компьютерлер, ноутбуктер, ұялы телефондар және 6,5 мыңнан астам ұялы байланыс операторларының SIM карталары тәркіленді.

«Sim-Box» құрылғысы алаяқтар тарапынан жаппай телефон қоңырауларын генерациялау, хабарламалар тарату және абонент нөмірлерін ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабы («Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті қамауға алынды.

Бұл соңғы екі айда «Sim-Box» құрылғысын пайдаланудың екінші анықталған жағдайы», - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.