Шымкентте танысын террорлық топқа қосылуға шақырған адам сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Шымкентте өткен жылы осындай қылмыс жасағаны үшін 10 азамат сотталған

Фото: istockphoto.com

Шымкентте терроризмді насихаттап, танысын террорлық топтарға қосылуға шақырған адам ұзақ жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйекте Шымкент қаласында «С» есімді азамат «WhatsApp» мессенджері арқылы танысы «Т» есімді азаматшаға халықаралық террористік ұйым «Мұсылман бауырлар» идеологиясын және «қарулы жиһад» идеясын насихаттайтын, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды жолдап, террористік топтарға қосылуға үгіт-насихат жасаған.

«Сот үкімімен «С» есімді азамат ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігі (терроризмді насихаттау, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды интернет-ресурстар арқылы тарату) және 296-бабының 1-бөлігі (террористік не экстремистік әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарға үгіт - насихат жасау, даярлау немесе қаруландыру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген прокуратура хабарламасында.

Өткен жылы осындай қылмыс жасағаны үшін 10 азамат сотталған.

Мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлкін тәркілеу қарастырылғанын ескертеді.