Теңіз жағалауындағы айтулы оқиғаның куәсі болу үшін 100 мың көрермен жиналды
5 сәуір күні Маңғыстау облысында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы салтанатты түрде ашылды. Түркітілдес елдердің мәдени ынтымақтастығын арттырып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шараға ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, халықаралық ұйымдар өкілдері мен шетелдік елшілер қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Теңіз жағалауындағы айтулы оқиғаның куәсі болу үшін 100 мың көрермен жиналды. Олардың қатарында маңғыстаулықтармен бірге еліміздің әр өңірінен және шет мемлекеттерден арнайы келген қонақтар бар.
Айтулы іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
«Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!» – делінген хатта.
Ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште түркі халықтарының ортақ мұрасын дәріптейтін хореографиялық қойылымдар көрсетілді. Мыңдаған жылдық тарихы бар көшпенділер өркениеті, бабалар мұрасы, рухани сабақтастық – бәрі де сахна төрінде жаңаша көрініс тапты.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени кеңістікке айналдыру – негізгі мақсат екенін айтқан болатын. Бауырлас елдердің басшылары түркі жұртын біріктіруге баса мән беріп келеді. Бүгінгі кәрі Каспийдің жағасындағы ақмаржан – Ақтау шаһарында бас қосуымыз – осының дәлелі. Түркі халықтарының қанына сіңген бір белгісі – мейманға жалғыз атын да сойып берер мәрттігі. Қазақ – қашаннан қонақжай халық. Даламыз қандай дархан болса – көңіл де сондай кең. Түбі бір түркі бауыр үшін Төріміз дайын. Қонақ қелсе қойы егіз қоздайтын халықпыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына арналған шаралар тізбегі 6 сәуір күні де жалғасады. Этноқалашық аумағында түркі елдерінің танымал жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ауқымды гала-концерт өтеді. Жалпы, бұл жобаға 1149 өнерпаз тартылған, оның 125-і – шетелдік музыканттар, бишілер және қолөнер шеберлері.