Қарағандыда 170 тіл білетін кеңесші туристерге қызмет көрсетіп жүр

Автор: Дәулет Ботагөз

Қалада туристік ақпараттық орталық ашылды

Фото: © istockphoto.com

Қарағанды қаласында жаңа ашылған туристік ақпараттық орталықта әлемнің 170 тілін меңгерген виртуалды кеңесші жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Орталықтың мақсаты – қалаға және өңірге келген қонақтарға бір жерден барлық қажетті ақпаратты ұсыну. Мұнда туристер Қарағандының көрікті орындары, экскурсиялық бағыттар, қонақүйлер мен демалыс орындары, сондай-ақ туроператорлар көрсететін қызметтер туралы мәлімет ала алады.

«Одан бөлек, орталық арнайы туристік жолсілтемелер дайындап, болашақта жаңа бағыттар ашуды, қалалық және облыстық экскурсиялар мен тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастыруды жоспарлап отыр», — делінген материалда.

Туристік орталықта қызмет көрсететін виртуалды кеңесші – ерекше жаңалық. Ол 170 тілді меңгерген және кез келген туристке қолайлы тілде ақпарат ұсына алады.

«Кейде қарағандылықтардың өздері де өңіріміздің көрікті, тарихи орындары туралы біле бермейді. Қазір адам ақпаратты іздемеуі керек, керісінше ақпараттың өзі адамды табуы тиіс», – дейді тарихи-географиялық қоғам төрағасы Виталий Шупта.