Айтыс «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды
«AMANAT» партиясының қолдауымен Түркістан облысы, Келес ауданында өткен «Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты аймақтық ақындар айтысы Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылына арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыр сайысында от ауызды, орақ тілді ақындар жыр маржанын төгіп, есімі ел жадында қалған айтыскер Жарқынбек Наушабековке құрмет көрсетті. Айтыс барысында қатысушылар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын да жырға қосып, елдік пен бірлікті дәріптеді.
Осы дәстүрдің ізімен бүгін Түркістан облысының Келес ауданында өткен «Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты аймақтық ақындар айтысы да Мемлекет басшысы жариялаған – Жұмысшы мамандықтар жылына арналды. «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен, Келес ауданының әкімдігі ұйытқы болған іс-шараға қатысушылар отты жырымен, өткір сөзімен есімі ел жадында қалған Жарқынбек Наушабековті еске алды. Сахнаға шыққан саңлақтар Ұлы Жеңістің – 80 жылдық, еліміздегі маңызды конституциялық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының – 30 жылдық айтулы белестерін жыр арқауына айналдырды.
Сөз маржанын терген ақындар ел бірлігі мен ұлттық тұтастықты сақтау – асыл мұратымыз екенін айтты, адалдықты құнттаған қоғамның ең асыл қасиеттері – бұл еңбекқорлық пен жауапкершілік екенін білдірді. Қазақтың тарихы қашанда бірігуден тұратынын еске салып, нағыз көпшіл, пейілі даласындай кең болмысымызды тарылтпауға шақырды. Бүгінгі бейбіт күніміздің аспаны ашық болуында аға толқынның ерен ерлігі, қайсарлығы мен табанды еңбегі бар екені айтылды. Қоғамның қатыгездігін еңсеруде адамдардың бойында мейірім мен бауырмалдық дәнін егіп, мемлекетшілдік пен әділдік ұстанымы барлық азаматтарға ортақ құндылық болуы тиіс деген салмақты тұжырымдар айтылды. Ұлт қамын ойлайтын ұрпақ өсіріп, елдің көсегесін көгертетін ұл мен қыз тәрбиелеу өз қолымызда екеніне баса мән берілді. Жарқынбек Наушабековтың артында қалған таудай еңбегі мен жарқын істері осы қасиетті аймақтан өсіп-өнген жаңа толқынға бағдар берер шамшырақ боп қызмет ететініне үміт артты.
Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің отын өшірмей, оның танымалдылығын арттыруға еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков – Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның мүшесі.
«Келес ауданының орталығы – Абай кентінде «Жыр жүйрігі Жарқынбек» деп аталатын аймақтық ақындар айтысы өтті. Бұл – жыл сайын осы өңірде тұрақты өткізіліп тұратын жыр додасы, айтыстың алдаспаны, жырдың жүйрігі Жарқынбек Наушабеков бауырымызға арналған өте мағыналы іс-шара. Бұл – дәстүрлі айтыс, себебі, осы өнер додасы биыл төртінші жыл қатарынан Келес жерінде өтіп отыр. Биылғы ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп бағалауға болады. Айтысқа Түркістан өңірінен шыққан ақындармен қоса, Торғай өңірінен айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев келді, Сыр елінен – Нұрмат Мансұров, шырайлы Шымқаладан – Анар Жаппарқұлова, Нұрлыбек Мейірманов секілді әйгілі жүйріктер қатысты. Сонымен бірге, бұл айтыста өнерге жаңадан қадам басқан жас жүйріктер қанаттарын қомдады, соның ішінде Жарқынбектің ұлы – Дінмұхаммед Жарқынбекұлының да тұсауы кесілді. Ақындар елдің ерекше ықыласына бөленді», – деді Бекарыс Ақсақалұлы.
Аймақтық ақындар айтысына белгілі айтыскер Бөрібай Оразымбетов, «Құрмет» орденінің иегері Маржан Есжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаева, Мәдениет саласының үздігі Бекмұрат Анарбаев сынды танымал ақындар мен қаламгерлер қазылық етті. Іс-шара өткен Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйі – Жарқынбек Наушабеков еңбек еткен өнер ордасы болатын. Аймақтық ақындар айтысын өткізуге ауданның мәдениет саласының қызметкерлері де үлестерін қосып, аянып қалмады. Тұтас аймақтың руханиятын көтеруге еңбек еткен азамат жайында жылы сөздерін айтып, жыр сайыс арасындағы үзілістерде көрермендерді әсем әнге бөледі.
Ұйымдастыру алқасының шешімімен бес аталым бойынша тағайындалған арнайы жүлделер төмендегідей бөлінді: