Баянауыл жерінде дала өрті болып, ондаған гектар жердің күлі қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өрттің жалпы аумағы 60 гектарды құрады

Фото: Freepik

Павлодар облысының Баянауыл жерінде дала өрті болып, ондаған гектар жердің күлі қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасыбай орманшылығында құрғақ шөп өртенді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 сәуір күні 112 пультіне хабар түскен соң, өртті ауыздықтау үшін Төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» және Жасыбай орманшылығының күштері мен техникасы жұмылдырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт алдын ала 60 гектар алаңда оқшауланды. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.