Ақтөбе облысында балықтар жаппай қырылып қалды

Автор: Асыл Арман

Оқиғаға қатысты АШМ мәлімдеме жасады

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Ақөткел өзенінде балықтар жаппай қырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алынған ақпаратты тексеру үшін 1 сәуірде Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты және Ырғыз ауданы әкімдігінің мамандары Нұра ауылдық округіндегі Ақөткел өзеніне шықты.

Балықтардың қырылуы туралы ақпарат расталды.

«Жалпы салмағы 70 келі болатын өлі балық (шортан, сазан) табылды. Қырылып қалған балықтарды жинау және жою жұмыстары ұйымдастырылды. Зертханалық тексеру үшін балық пен су сынамалары алынды. Балықтардың қырылуының алдын ала себебі – қыста су ағынының жоқтығынан суда оттегінің болмауы», - деп хабарлады ведомствоның балық шаруашылығы комитетінен.

Балықтың қырылуының нақты себебі зертханалық сараптама қорытындысын алғаннан кейін анықталады.