«Өмір бойы есімде сақтаймын»: Словения президенті Димаштың концертінен кейінгі әсерін айтты (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Кеше Қазақстанға ресми сапармен Словения президенті Наташа Пирц-Мусар келген

Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Димаш Құдайберген өнер көрсеткен салтанатты кештен алған әсері жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шағын құрамдағы келіссөздер кезінде Наташа Пирц-Мусар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Димаш Құдайбергеннің үлкен жанкүйері екенін айтты.

«Кешегі кештен алған әсерімді ешқашан ұмытпаймын, оны өмір бойы есімде сақтайтынымды айтқым келеді. Словенияға келген сапарыңызда дәл осылай ұйымдастыра аламын ба деп ойланып отырмын», - дейді Словения президенті.

Ол сөзін жалғай отырып, қазақстандық әртістердің бірі Словенияның университетіндегі музыкалық академияда виоленчелист болып жұмыс істейтінін, осыған қарап-ақ мәдени салада да байланыс бар екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, кеше Қазақстанға ресми сапармен Словения президенті Наташа Пирц-Мусар келген болатын.

Қабылдау барысында Пирц-Мусар Димаштың қолын алып, оның концертінде бұрын болғанын айтты. Димаш бұл туралы естігенін айтып, мұндай ықыластың өзіне аса жағымды екенін жеткізді.