Абай облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер миллиондаған айыппұл төлейтін болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

ЖҚЕ бойынша қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіге 5 АЕК айыппұл салынады

Фото: Видеодан скрин

Абай облысында 1300-ден астам жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, күн сайын Жедел басқару орталығының бейнекамералары жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді. Ең жиі анықталатын құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізу. Жыл басынан бері Абай облысында осы себеппен 1338 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жүргізушіге айыппұл қарастырылған. Алайда жолдағы бір секундтік немқұрайдылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты Абай облысы полиция департаменті жүргізушілер мен жолаушыларды жолда қауіпсіздік белдігін тағуға шақырады. Ұзақтығына қарамастан, әр сапар кезінде белдік тағу – өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғаудың кепілі», - делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, ЖҚЕ бойынша қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіге 5 АЕК (2025 жылғы мәлімет бойынша 19 660 теңге) айыппұл салынады.