Астаналық 7 жасар шахматшы оқушылар арасында әлем чемпионы атанды
Ол мерзімінен бұрын жеңіске жетті

Астаналық жас шахматшы Абдул-Мәлік Қайрат Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында 7 жасқа дейінгі санатта мерзімінен бұрын жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Абдул-Мәлік Қайрат 7 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанды! Турнир бүгін аяқталады, бірақ жас шахматшы өз жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті», – делінген хабарламада.
Оның басты қарсыласы – үндістандық Ом Еш Готтумукалуды бесінші турда жеңуі шешуші рөл атқарды. Сегіз турдан кейін Абдул-Мәлік 8 ұпай жинап, чемпиондық атақты алдын ала иеленді.
Бүгінгі күнгі жарыстың басқа 10 жас санатында да шешуші ойындар өтуде. Жеті санатта қазақстандық шахматшылар алтын медальға үміткер.