Жетісу облысында екі балықшы қайығымен бірге аударылып, суға батып кете жаздады (ВИДЕО)
Олардың құтқару кеудешесін кимей балық аулауға шыққаны белгілі болды

Жетісу облысында екі балықшы қайығымен бірге суға батып кете жаздағаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, Жетісу облысы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы №13 өрт сөндіру бөліміне жұмыс істемейтін қант зауытының тоғанында адамның суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жетіп, жағадан 60 метр қашықтықта суда қайыққа жармасып тұрған екі адамды байқады. Құтқарушылар қайықты арқанмен бекітіп, оларды жағаға алып шықты.
«Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында 1962 және 1988 жылы туған екі азаматтың қауіпсіздік талаптарын бұзып, құтқару кеудешесін кимей балық аулауға шыққаны белгілі болды. Олардың біреуі қайықтан абайсызда аударылып кеткен, ал екіншісі алдымен құтқару қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған, содан кейін досын құтқаруға ұмтылған. Алайда өзі де судан шыға алмай қалған. Судың төмен температурасына байланысты екеуі де қатты тоңып қалған», - делінген министрлік хабарламасында.