ШҚО-да қар еру қарқыны күшейді

Автор: Дәулет Ботагөз

Облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында қардың күрт еруіне байланысты су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Өңірдегі қауіпті аймақтарда бақылау жүргізіліп, арнайы тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жағдай облыс басшылығы мен жедел штабтың тұрақты бақылауында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлан ауданында су басу қаупі жоғары жерлер ерекше назарда. Герасимовка ауылыныңмаңында егістік алқаптардан еріген қар суы қарқынды түрде аққан. Су басудың алдын алу үшін арналар тереңдетіліп, бекініс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тұрғын үйлерге су кірген жоқ, ал үш ауладан еріген қар суы шығарылды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауылға барып, арналардың жағасын бекіту, арықтарды тереңдетіп, тазарту туралы нақты тапсырмалар берді.

«Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мерекеге қарамастан, ешкім босаңсуға болмайды. Су тасқыны қаупі төнген жағдайда қосымша техника жұмылдырылады. Облыс тұрғындары Наурызды алаңсыз қарсы алуы тиіс. Біз осы үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз», – деді өңір басшысы.

Тарбағатай ауданында су тасқыны қаупі жоғары аймақтар тексерілді. Атап айтқанда, Манырақ тауының күнгей беті, Қара-Тоғам, Есенгелді және Барғана ауылдары бақылауға алынды. Алтай ауданында өзендердің мұзы еріп жатыр.