Түркістанда имамдардың біліктілігін арттыруға арналған институт ашылады
Оқу орнының 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде

Түркістан облысында имамдардың біліктілігін арттыруға арналған Ислам институты ашылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа институттың басты мақсаты – ҚМДБ-ға қарасты имамдардың кәсіби деңгейін арттыру. Институттың жұмысын ұйымдастыру үшін жол картасын әзірлеу, штаттық кестені бекіту, сондай-ақ, мешіт қызметкерлерінің біліктілігін бағалап, қажет болған жағдайда оқыту курстарын өткізу жоспарланып отыр.
Ертай Алтаев бұл орталықты ғылыми-зерттеу институты ретінде тіркеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Қазіргі уақытта дін саласындағы қызметкерлердің білім деңгейін көтеру өте маңызды. Сондықтан дін, тарих, мәдениет, философия және басқа да салалар бойынша білікті сарапшылар мен мамандарды тарту қажет. Болашақта Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық конференциялар өткізу жоспарланған. Оның нәтижелерін діни қызметкерлердің жұмысында тиімді пайдалану керек. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан білім алған мамандар халыққа сапалы қызмет көрсетеді деп сенемін», – деді ол.
ҚМДБ-ның діни оңалту бөлімінің басшысы Хасан Аманқұлов Түркістанның Қазақстандағы рухани орталық ретіндегі маңызын атап өтіп, жаңа институт имамдардың кәсіби дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Оқу орнының 2025 жылы іске қосылатыны күтілуде. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері мен даналығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласындағы имамдардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, институтта тарих, классикалық шығармалар және діни сұрақтарды түсіндіру әдістері оқытылады. Сабақтарды білікті ғалымдар мен теологтар жүргізеді.