Оқиға қаланы патрульдеу кезінде болған
Астанада Ішкі істер министрлігінің кадр қызметінің офицері есірткі жасырған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көктемгі мерекелер кезінде ІІМ кадр саясаты департаментінің аға инспекторы Есжан Арыстанов әріптестерімен бірге қалалық патрульдеу шарасына шыққан. Оның кезекшілігі сағат 18:00-ден 01:00-ге дейін жалғасты.
«Түнгі сағат 12 шамасында, маршрутпен жүріп келе жатқанымда, екі жас жігітті байқадым. Олар мені көре салысымен, көпқабатты үйдің ауласына жасырынып кетуге тырысты. Күмән туындаған соң, олардың артынан баруды жөн көрдім. Сезігім дұрыс болып шықты: жігіттердің бірінің қалтасынан гашиш табылды», – деді Есжан Арыстанов.
Тексеру барысында олардың сол аулаға қатысы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар жас жігіттер Астанаға басқа өңірден келгені белгілі болды. Күдіктілердің бірі есірткіні Telegram-арна арқылы сатып алғанын мойындады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, экспертиза заттың гашиш екенін растады.
Айта кетейік, Есжан Арыстанов 2004 жылдан бері құқық қорғау органдарында қызмет етіп келеді.