Жыл басынан бері елімізде 22 бала суға батып көз жұмған
Жалпы, Қазақстан бойынша бес ай ішінде 62 адам суға кеткен
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті елімізде суға кетіп, қаза табатын адамдардың саны көбейіп кетті дейді. Биылдың өзінде жыл басынан бері 62 адам суда мерт болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 62 адам суға батып көз жұмды. Оның ішінде 24 адам балық аулау ережелерін сақтамаған. 13 адам, соның ішінде, 6 бала өз күшін бағаламай, суға кеткен. 9 адам мас күйінде суға шомылу кезінде, 6 бала мұз астына түсіп кеткен», - деп хабарлайды комитет.
Жалпы, жылда Қазақстан бойынша 1 маусымда суға шомылу кезеңі басталатын еді. Бірақ, биыл карантинге байланысты бұл дата кейінге шегерілген. Соған қарамастан, мамыр айының ыстық күндерін пайдаланған көп адам рұқсат жоқ болса да, суға шомыла бастаған. Бірақ, құтқарушылар күн қанша ысыса да, мамырда өзен-сулардағы температура төмен болады дейді.
«Мамыр айында күн ыстық болды, бірақ, су әлі қызбаған әрі суға шомылу үшін қолайсыз болды. Өзен-сулардағы температура 15-18 °С болғанда, 3 минуттан артық шомылуға болмайды. Салқын суға денесі шыныққан адамда да түспегені абзал», - деп кеңес берген құтқарушылардың ресми органы.