Екеуі бірлесе әрекет ете отырып, үш ауыр қылмыс жасаған
Полиция қызметкерлері адам тонап, көлікті рұқсатсыз айдап кеткен екі жігітті қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Сарыарқа ауданы полиция басқармасының криминалды полиция қызметкерлері 1980 жылғы және 1989 жылғы екі күдіктіні қолға түсірді. Олар бір түн ішінде қатарынан үш қылмысқа барған. 26 мамыр күні, сағат 22.00 шамасында күдіктілер Герцен көшесінде орналасқан гараждардың бірінде екі жігітке күш көрсете отырып, олардың жеке мүліктерін және 120 мың теңгесін тонап кеткен. Жалпы залал сомасы – 249 мың теңге», - дейді полиция өкілдері.
Бұнымен тоқтамаған екі күдікті үш сағаттан кейін такси тоқтатып, кейін жүргізушіге күш көрсете отырып, оның көлігін және 110 мың теңгесін алып кеткен.
«Екеуі Бөгенбай батыр даңғылында такси тоқтатқан. Жолда келе жатқанда жүргізушімен сөзге келген. Ақыры, олар көлік иесін қылқындырып, оның Lada Granta маркалы машинасын және ақшасын тартып алған. Такси жүргізушісі полцияға хабар беріп үлгерген. Күдіктілер ұрланған көлікті мініп жүрген соң, бірден қолға түсті», - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Қазір екі жігіт уақытша қамау изоляторына қамалған. Қылмыстық кодекстің 188 бабы 2 тармағы және 200 бабы бойынша іс қозғалған.