Халықаралық Олимпиада комитетін алғаш рет әйел президент басқарады

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл қызметке Зимбабве спорт министрі Кирсти Ковентри сайланды

Фото: REUTERS/Louisa Gouliamaki

Зимбабве спорт министрі Кирсти Ковентри Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Ол ұйым тарихындағы алғашқы әйел және алғашқы африкалық басшы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

144-сессияда өткен құпия дауыс беруде Ковентри 97 дауыстың 49-ын жинап, ұйымды 2013 жылдан бері басқарған Томас Бахтың орнына келді. Билік 23 маусым – Олимпиада күніне орай ресми түрде ауысады. Осыдан кейін Бах құрметті президент мәртебесін алады.

Ковентридің алғашқы басты сынағы – 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Олимпиада ойындары болады.

«Бұл – керемет сәт. Мен бала күнімде осындай биікке жетемін деп ешқашан ойламаған едім. Бұл – мен үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік. Сенімдеріңізді ақтау үшін бар күшімді саламын!», — деді Ковентри жеңісі туралы.