Белсенді жұмыс істегендерге грамота мен алғыс хаттар табысталды
Бүгін Қарағанды тас жолындағы «Жібек жолы» блок-бекетінде Нұр-Сұлтанның Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов вируспен күресуде алдыңғы шепте болып, оның таралуына жол бермеу үшін белсенді жұмыс істеген дәрігерлер, полицейлер мен еріктілерді марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дәрігерлер, еріктілер мен полицейлер ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов және Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденовтың атынан грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
«Дәрігерлер, полицейлер мен еріктілер бірігіп, тезірек үйреншікті өмірімізге оралуға көмектесті. Полицейлер мен волонтерларға ерен еңбегі үшін алғыс айтамыз. Біздің азаматтарымыздың денсаулығы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты болды. Сіздер нағыз жанашырлық пен қамқорлықтың жарқын үлгісі болдыңыздар», - деді Ержан Сәденов.
Еріктілер полицейлермен бірге рейдтер мен профилактикалық шараларға қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Учаскелік инспекторлармен бірге азаматтармен кездесіп, оларға қауіпсіздік шараларын еске салды. Дәрігерлер тәулік бойы азаматтардың өмірін құтқарып, инфекциямен күресуге үлес қосты. Карантин кезінде блок-бекеттерден жүкті әйелдерді алып перзентханаларға, түрлі жарақаттармен келген науқастарды ауруханаларға жеткізген полицейлер де бар.
Полиция департаменті карантин режимінің аяқталмауына байланысты маска киіп, санитарлық-эпидемиологиялық режимді қатаң сақтау керек екенін ескертеді.