Ұрлықшыны полиция қызметкерлері ұстады
Астанада қоғамдық көлікте ұрлықшы 53 жастағы жергілікті тұрғынның сөмкесінен құжаттарын, жеке заттары мен шамамен 100 мың теңгесін ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды.
Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 49 жастағы азамат болып шықты. Күдікті қылмысын мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты.
Айта кету керек, автобустағы ұрлық сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қазір ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық көлікте сақ болуға, құнды заттар мен ақшаға мұқият болуға шақырады.