Әртістің жала жапқанын алға тартты
«Тамашаның» жұлдызы Гүлжан Қалыбаева сұхбат барысында режиссер Мұхамеджан Мырзакеев пәтерін тартып алғанын айтып, айыптаған болатын. Театр режиссері де ағынан жарылып, түсініспеушілікке қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның баяндауынша, екеуара алдын ала пәтер жайлы келіскен. Гүлжан Қалыбаева режиссерге жұмыс ұсынған сәтте ол өзінің талабын айтып, пәтер сұраған.
«Ешқандай адам, келісім болмаса, үйдің кілтін оп-оңай бере салмайды. 2001 жылдың басында маған Гүлжан телефон шалып, «Күлкі керуенге» режиссер болып келуімді өтінді. Мен Талғарда тұратынымды, келіп-кетуім қиын екенін айтып, үй берсе ғана келісетінімді жеткіздім. Ол екі бөлмелі үйі барын айтты. «Ойлан» дедім. Бір-екі күннен кейін қайта хабарласып, кездесуде: «Төлеген екеуіміз ақылдастық, саған үйді беретін болдық» деді. Кейін үйді әйелімнің атына аударуды сұрадым, осындай кикілжің болмас үшін», – деді ол.
Ал жалпы екеуінің арасындағы дау-дамай мен әртістің шығармашылығына қатысты Мырзакеев оның ішімдікке салынғаны бәріне себеп болғанын алға тартты.
«Республика сарайында болған концертте көрермендердің өзі: «Алқаштар! Әртіс бола тұра мынадай түрлерімен қалай шықтыңдар?!» деп айқалаған кездер болды. Сол жерде Гүлжанның ішіп алғаны білініп қалды. Біз ұяттан кірерге тесік таппай, сахнадан шығып кеттік. Екінші, шегіне жеткен кезі – Атыраудағы Құрманғазы ауданындағы берген концерттеріміз. Екеуінде де лық толы адам. Ине шаншыр жер жоқ, қуандық, бірақ қызымыз тағы ішіп алған. Удай мас. Бірінші концерттің жартысына қатысты, екіншісіне шамасы жеткен жоқ, себебі орнынан тұра алмай, жатып қалды. Театр режиссері ретінде «ішкенін қоймаса, бірге жұмыс істемейміз» деп ескерту жасадым. Содан жанжал басталып, маған қарай қайнаған суы бар шәугім ұшқанда бәрін түсіндім, шегі деп білдім», – деп түйіндеді әртіс.