Бұл туралы Қазгидромет қызметі хабарлайды
Бүгін, 1 маусым күні Қазақстанның бірқатар облыстарында күн күркіреп, жаңбыр жауады. Еліміздің солтүстік аумағында жел күшейіп, жаңбыр және бұршақ жауады деп болжанып отыр. Ал, басқа аймақтарда аптап ыстық сақталады.
«1 маусым күні Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, дауыл соғады және бұршақ жауады деп болжанып отыр. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, желдің күші кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін жетеді», - деп хабарлайды Қазгидромет.
Солтүстік-Қазақстан облысында да күн күркіреп, желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Ақмола, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде де найзағай ойнайды.
Ал, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында, Түркістан облысының батысында аптап ыстық сақталады. Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысында, Қызылорда, Ақмола, Жамбыл облыстарында өрт қауіпі жоғары деңгейде тұр.