Екі аппаратта 128 SIM-карта слоты бар екені анықталды
Астанада Украина азаматына тиесілі көліктен екі бірдей «Sim-Box» мобильді аппараттық кешені тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен полиция Департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс шаралалары шеңберінде Украина азаматының басқарауындағы «KIA» маркалы автокөлік анықталып, ұсталды (автокөлік айыппұл тұрағына қойылды).
«Автокөліктің ішкі салонын тексеру барысында 128 SIM-карта слоты бар 2 дана «Sim-Box» мобильді аппараттық кешені анықталды, ол қайта жабдықталған автокөлік салонында орналастырылған. Сонымен қатар, әртүрлі ұялы телефон операторларына тиесілі 50 SIM-карта және Wi-Fi роутері алынды.
Осы факт бойынша абоненттiк құрылғының сәйкестендiру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды пайдалану дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (ҚК-тің 213-бап).
Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде, оның интернет-алаяқтыққа қатыстылығы тексерілуде. ЖІШ барысында тағы 2 «Sim-Box» құрылғысы алынды», - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, қазіргі заманғы технологиялардың дамуымен бірге «Sim-Box» құрылғыларын пайдалана отырып жасалатын интернет-алаяқтық жағдайлары қарқынды түрде көбейіп келеді.
«Sim-Box» құрылғылары – бұл мобильді нөмірлерді генерациялау немесе алмастыру мақсатында қолданылатын жабдық, ол байланыс операторлары белгілеген шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік береді.
Алаяқтар бұл құрылғыларды фишингтік хабарламалар жіберу, жаппай қоңырау шалу, сондай-ақ әртүрлі онлайн-платформаларда жалған нөмірлермен аккаунттар тіркеу үшін пайдаланады. Осылайша, олар өздерінің жеке басын жасырып, заңды қызметтің көрінісін жасауды көздейді.