Оқиға орнына келген өрт сөндірушілерге жоғары қауіп дәрежесі берілген
Астананың Байқоңыр ауданында үш қабатты ғимаратта ірі өрт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт үшінші қабаттағы стеллаждар мен төбеден басталып, кейін екінші қабаттағы баспалдақ маршы арқылы тараған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілерге жоғары қауіп дәрежесі берілген.
«Үш жауынгерлік бөлімше құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштерімен өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді. Жалын 300 шаршы метр аумақты қамтыды. Өртті сөндіруге 90 қызметкер мен 19 арнайы техника жұмылдырылды», – делінген ресми хабарламада.
Төтенше жағдайлар қызметі зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.