Димаштың анасы Майкл Джексонның сәлемдемесі ұлына қалай жеткенін түсіндіріп берді
Әлемге әйгілі әнші, поп-музыка королі Майкл Джексон отандасымыз Димаш Құдайбергенге туған күнінде ерекше сыйлық жасағаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Димаштың анасы Света Айтбаева тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында Майкл Джексонның сыйлығы ұлына қалай жеткенін түсіндіріп берді.
«Майкл Джексонның жылына бір рет балаларға арнап мереке ұйымдастыратын дәстүрі болыпты. Сондай жиындардың біріне балалар дәрігері – Сильвия ханымды шақырған екен. Майкл Джексон балалардың бәріне арнап сыйлық жасап, өзінің автографымен күнтізбелер таратыпты. Сонда Сильвия ханымға жетпей қалған көрінеді.
Содан Майкл Джексон өзінің бөлмесінде ілініп тұрған өзінің ең сүйікті афишасын алып, қол қойып, сыйға бергісі келетінін айтқан. Сонда афишаны қабырғадан алып жатқанда жыртып алған екен. Майкл Джексон «Oops, sorry. Michael Jackson» деп жазып, қолын қойған. Сонда Сильвия датасын қоюды сұрайды. Датасын жазатын жер таба алмай, афишаның артқы жағына 24 мамыр, 1994 жыл деп жазып берген екен», - дейді Димаштың анасы.
Ол сөзін жалғай отырып, афишаны Сильвия ханым 25 жылдай сақтағанын, Димаш Лос-Анджелеске барғанында сыйға берілгенін тілге тиек етті.
«Афишаны беріп тұрғанда Майкл Джексон «өзіңіз қалаған адамға сыйларсыз» деп айтқан екен. Ол сыйлықты кімге сыйлауға болатынын үнемі ойлап жүріпті. Содан Димаштың шығармашылығымен танысып, жанкүйері болады. Осылайша, Майкл Джексонның сыйлығын Димашқа сыйлау туралы арманы пайда болыпты.
Димаш Лос-Анджелеске бір жарым айға шығармашылықпен барады. Сонда Сильвия ханым көшеде өтіп бара жатып, кафеде тамақ ішіп отырған Димашты көріп қалады. Содан Димашпен кездесіп, сыйлығы бар екенін айтып, ертеңінде афишаны алып келген. Димаш афишаны алып, орап жатқанында артында тұрған датаны көріп қалады. Сөйтсе, ол Димаштың өмірге келген күнінде қол қойылған афиша екен. Ол қазір біздің қолымызда. Бұл – Димаштың жанкүйерлері сыйлаған сыйлықтардың ішіндегі ең құнды, керемет дүниесі», - деп Света Айтбаева әңгімелеп берді.
Айта кетейік, осыған дейін әншінің анасы ұлының қазір кіммен бірге тұратыны туралы сұраққа жауап бергені хабарланған болатын.