Мамандар өзен арналары мен стратегиялық нысандарды тексерді
8 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысында болған жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары аймақта тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылар гидротехникалық құрылыстарды, сел және көшкін қаупі бар аймақтарды, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін тексеріп шықты.
«Тексеру нәтижесінде ешқандай зақым анықталған жоқ, барлық нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта қирау немесе зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Жағдай тұрақты», — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, жер сілкінісінің эпицентрі Зайсан қаласынан 48 км қашықтықта орналасқан. Мамандардың есебі бойынша, жерасты дүмпуінің есептік қарқындылығы 2 баллды құраған.