Пандемия кезінде ақша ұрлаған компания басшысы сот үкімімен ақталып кеткен

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сот үкімі бас прокурордың кассациялық наразылығымен жойылды

Фото: istockphoto.com

Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы Сот ақтау үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, 21.01.2025 жылы Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша бұрынғы Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Н.Нуралиев және «BSB Trade&Advertising» ЖШС директоры Б.Темірғалиге қатысты Тараз қаласы №2 сотының 26 наурыз 2024 жылғы ақтау үкімінің күшін жойды.

Қылмыстық іс Жамбыл облыстық сотына жаңадан сот қарауына жолданды.

«Аталған тұлғалар пандемия кезінде Байзақ ауданындағы мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуға арналған жабдықтарды сатып алу барысында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін айыпталған», - делінген хабарламада.