Анасы адвокатсыз қызының құқығын қорғап шықты
Айыпталушы 121-бап 4-бөлімде көрсетілген «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылы 13 сәуірде қыз анасына әжесімен бірге тұрған ер азаматтың жалаңаш суретін көрсетті. 57 жастағы ер адам әжесімен 15 жыл бірге тұрып, қызды сәби кезінен білген. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап ернінен сүйіп, көйлегінің астына қолын салып, тіпті, іш киімін шешуге дейін барған. «Егер біреуге айтсаң, анаң екеуіңе жаман болады» деп қорқытқан. Ал 13 сәуірде ол қызбен оңаша қалып, оның алдында шешінген. Қыз оны суретке түсіріп үлгерді», – деп жазады Дина Таңсәрі өзінің Telegram-дағы парақшасында.
Сол күні кешке полиция шақырылып, барлық заттай айғақтар алынған, сараптамаға материалдар жиналды. Іс бір жыл бойы жүргізілген.
«Атасының» қорғаушысы пікірталас кезінде қыздың суретке түсіріп алу үшін барлық қорлыққа әдейі шыдағанын айтып, оның өз жоспары барын алға тартты. Қыздың анасы прокуратураға көптеген арыздар түсірген.Тергеу тарапы үнемі кешіктіру, қажетсіз сараптамалар тағайындау, тергеушіні ауыстыру сынды әрекеттерге барды.
Оның үстіне анасы жалғыз, адвокатсыз баласының құқығын қорғады. Оған есепшотымыз бұғатталып, ақшасын төлей алмағандықтан адвокат таба алмадық. Біз бірнеше рет балалар омбудсменін сұрадық, бірақ олар «іс прокуратураның бақылауында» деген қысқа ресми жауап берумен шектелді», – деп жазады қоғам белсендісі.
Ақырында анасы бір жыл бойы сотта тартысып, қызының құқығын қорғады. Айыпталушы 121-бап 4-бөлім «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды.