Желіде әкесінің жетісін, қырқы мен жылын беруден бас тартқан азаматтың видеосы тарады
Елді шулатқан видеоға қатысты Жылыой ауданының имамы Жасұлан Қазғали түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жылыой ауданының тұрғыны әкесіне арналған дәстүрлі ас беруден бас тартып, бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеген. Ол жетісі, қырқын, жылын бермейтінін, сондай-ақ көңіл айту рәсімдерін өткізбейтінін айтып, жақындарын да түрлі рәсімдерді өткізуден бас тартуға шақырды.
«Әкем мен Алла осыған разы болады. Дұға оқығыңыз келсе, мешітке барыңыз», — деді ол.
Аталған видео әлеуметтік желіде тарап, қоғамда түрлі пікір тудырды. Осыған байланысты Жылыой ауданының имамы Жасұлан Қазғали түсініктеме берді.
«Бұл видео бес жыл бұрын, COVID-19 пандемиясы кезінде түсірілген. Сол кезде Құлсары қаласының бір тұрғыны маған келіп, халыққа азық-түлік таратуға көмектесуімді сұрады. Себебі карантинге байланысты адамдар жинала алмайтын еді. Біз мұқтаж жандарға жәрдем беруге келісіп, сол кезде осындай шара жасадық», — деп түсіндірді имам.
Жасұлан Қазғали қазіргі уақытта кейбір адамдар бұл видеоны имамдарға қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін әдейі пайдаланып жатқанын атап өтті.
«Жалған ақпаратқа сенбеңіздер, қандай да бір мәліметті таратпас бұрын, оның рас-өтірігін тексеріңіздер», — деді ол.