Павлодарда қаржы пирамидасын құрғандар жұрттың ақшасына үй алып, депозит ашып алған

Автор: Асыл Арман

Күдіктілер қазір үй қамағында отыр

Фото: Видеодан скрин

Павлодарда «TAKORP» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшылардың қаражатына пәтер сатып алып, 4 депозит ашып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылдың наурыз бен қыркүйек айлары аралығында күдіктілер «TAKORP» қаржы пирамидасын басқарғаны анықталды, ол АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде қызмет еткен.

«Қатысушыларды тіркеу үшін электрондық криптобиржа «ОКХ» арқылы криптовалюта сатып алуды ұсынған. Негізгі шарттардың бірі кемінде 5 жаңа салымшы тарту болған. Бұл шартты орындау арқылы құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне кепілдік берілген.

50-ден астам азамат осы уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін ақша салып, өз деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонустар алуға үміттенген. Қылмыстық кірістің жалпы сомасы 50 млн теңгеден асты.

Күдіктілер салымшылардың ақша қаражатына Павлодар қаласында 10 млн теңгеге пәтер сатып алып, банктерде 8 млн теңге сомасына 4 депозит ашқан», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, сот санкциясымен жылжымайтын мүлік пен ақша қаражаттарына тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты «үйқамақ» және «елден кетпеу туралы қолхат» түрінде шара қабылданды.