$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.05.2020, 11:14
Жаңалықтар

Алматыдағы 15 морена көлінде жарылу қаупі бар - ТЖ департаменті

Морена көлдердің алдын-алу жұмыстарына биыл республикалық бюжеттен 39 миллион теңге бөлінді

Алматыдағы 15 морена көлінде жарылу қаупі бар - ТЖ департаменті
фотолар: Алматы қаласы ТЖ департаменті

Алматы қаласының аумағында барлығы 45 морена көлі бар, оның ішінде 15 көлде жарылу қаупі бар. Бұл туралы Алматы қаласының ТЖ департаменті хабарлайды.              

Аталған көлдердің жағдайын жан-жақты бағалау мақсатында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аэровизуальдық тексеру жүргізді.

«Тексеру нәтижесі бойынша, морена көлдерінің қысқы режимнен шығып жатқаны анықталды. Көптеген көлдердің бетін мұз және қар жапқан. Көлдерге су аз көлемде құйып жатыр, су деңгейі ең төменгі мөлшерде. Үлкен Алматы өзені бассейніндегі №13 көлде сифон құбырлары арқылы су сорылады, құбырлар су деңгейі көтерілген кезде автоматты түрде іске қосылады. Биыл мореналық көлдердің алдын-алу жұмыстары Қарғалы, Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан жарылу қаупі бар 7 нүктеге жоспарланған. Осы мақсатта республикалық бюжеттен 39 миллион теңге бөлінді», - делінген Алматы қаласының ТЖ департаменті хабарламасында.

Жарылу қаупі бар мореналық көлдерге алдын алу жұмыстары 15 маусымнан басталады, оларды іске асыру үшін қуаттылығы жоғары 9 сорғы, 10 тұрғын үй модулі, сифон құбырлары және басқа да қажетті техникалық ресурстар әзірленген.

«Өткен жылы сел пайда болған Қарғалы өзені бассейніндегі №1 көлде су мөлшері төмен деңгейде, сондықтан қауіп жоқ. Биыл аталған көлде көл бассейнінен су ағатын арна ұйымдастырылады, ол үшін 14 миллион теңге бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар, аэровизуальды және техникалық ұшулар үшін 200-ге жуық ұшу сағаты қарастырылған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендері бассейндеріндегі сел жүру қаупі бар өзендер бассейндерінде автоматтандырылған бақылау жүйесінің 2-ші кезеңін салу жұмыстары басталды. Өткен жылы бірінші кезең бойынша 10 станция салынды, биыл тағы 21 станцияны іске қосу жоспарланған. 

«Қазір жағдай тұрақты, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі және Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сел жағдайы мен морена-мұздық кешендерін тұрақты бақылайды», - деп сендіреді.

Серіктес жаңалықтары