Ол он жасынан бері зорлық көрген
Түркістан облысында 24 жастағы мүгекдігі бар жігіт жылдар бойы адам айтқысыз қорлық көрген. Оны өз туыстары мен ауылдастары зорлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Almaty.tv тілшісі хабарлауынша, жәбірленуші тараптың қорғаушысы қылмыс жасады деп күдікке ілінгендердің бостандықта жүргенін айтты. Сондай-ақ істің Қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни «жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркек пен еркектің жыныстық қатынасы» бойынша қозғалғаны мәлім болды.
«Жәбір алған жігіттің денсаулығы қалыпты. Осы оқиға бойынша анасына жауап бергенде кім тиіскенін, қалай, қашан тиіскенін, қай жерде анық-қанық айтып отыр. Бір айдан кейін экспертиза, қорытынды дайын болғаннан кейін әрі қарай тергеу амалдары жүргізіледі, – деді қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гулайхан Тұрсуманова.
Ал полиция күдіктілерден жауап алынғанын айтты. Өзге мәлімет жарияланбады.
«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер 6 жергілікті тұрғынды жеткізіп, жауап алды. Тиісті сараптамалар тағайындалды және жедел тергеу шаралары жалғасып жатыр», – деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Баласының зорланғанын айтып, әділдік іздеген ананың өзі бүгінде қысымға ұшырап отыр. Өзінің сөзіне сенсек, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеген көрінеді. «Ауылдан кетесің» деп қорқытқан. Алайда ұлының болашағына алаңдаулы әйел істің заң аясында қаралып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Бұған дейін Түркістан облысы Келес ауданындағы ауылдардың бірінде 24 жастағы мүгедек жігіт 14 жылдан бері зорланып келгенін жазған болатынбыз. Ал дәрменсіз жанға қорлық көрсеткендер өзінің туыстары мен ауылдастары болып шыққан.
«Бұл оқиға туралы ауылдағы жұрттың бәрі біледі. Бала ауырғандықтан анасына 6 адамның не істегенін көрсеткен. Олар – 4 ересек және 2 кәмелетке толмаған. Оның бәрі бір уақытта емес, түрлі кезеңде болған. Соңғы жағдай ақпан айында болды.
Ал ол адамдар жасағандарын бірден мойындап, кешірім сұрады. Оның 4-еуі ерекше жігіттің алыс туыстары болып шықты. Оқиға туралы жігіттің әкесі білгенде оларды балғамен өлтіргісі келді. Ал олардың әкелері балалары үшін кешірім сұрап, істеген ісі үшін өздері жауапкершілікті көтеруі керек екенін айтты. Бүгінге дейін мұндай әділ ата-атаны алғаш рет көріп отырмыз.
Анасы полицияға арыз жазған. Алайда, арыз бастапқыда қабылданбаған (әдетте осындай болады). Полиция бөліміндегілер анасына БАҚ өкілдерімен сөйлеспе, ақпарат таратпа деп айтып, кері жағдайда айыппұл саламыз деп қорқытқан», - деп жазды «Немолчи» қоры.