Сонымен қатар біреудің 8 мың теңгесін қолды қылған
Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны Валерия З. супермаркеттерден бірнеше рет ішімдік ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол алғаш рет Metronom супермаркетінен түнгі уақытта бір бөтелке виски ұрлаған. Келесі күні таңертең дәл сол дүкеннен тағы бір бөтелке алкогольді жымқырған. Бірнеше күннен кейін әрекетін қайталап, дүкеннен өнімді кассадан өтпей алып шыққан. Сауда орнына келтірілген жалпы шығын – 40 170 теңге.
Алайда ол ұрлықты тоқтатпаған. Ірі сауда орталығындағы супермаркетте дүкен инспекторы күмәнданып, оны тексеру үшін артқы бөлмеге апарған. Сол сәтте Валерия инспектордың кеңсесінен 8000 теңге алып, ізін суытқан.
Оның әрекеттері бейнебақылау камераларымен дәлелденіп, өзі де кінәсін мойындады. Сот жәбірленушілерге келтірілген шығынның өтелгенін ескере отырып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар робация қызметі егер сотталушы жұмыс істемесе немесе оқымаса, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім қабылдады.