«Қазақ бейнелеу өнері ауыр қазаға ұшырады»: суретші Гүлмаржан Сәлімгерейқызы көз жұмды
Бұл туралы Облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры хабарлады

Көрнекті суретші-модельер, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Гүлмаржан Сәлімгерейқызы Махамбет 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ол ұзақ жылдар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қоюшы-суретші, Бас суретші болып еңбек етті.
Саналы ғұмырын саф өнердің ыстығы мен суығына арнап, сахнада жүзден астам қойылымның сценографиясын жасады. Сұлулыққа жаны құмар өнер иесі тұтас бірнеше ұрпаққа эстетикалық тәлім берді.
Гүлмаржан апайдың есімі қазақ өнері тарихымен бірге жасай беретініне сенеміз.
Марқұмның бауырларына, ағайын-туыстарына және ұлы Алмат Оспанұлына қайғыра көңіл айтамыз!» – делінген театр хабарламасында.
Гүлмаржан Сәлімгерейқызы Махамбет 1943 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қаттыкөл ауылында дүниеге келген.
1972 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесінің театр факультетін бітірген.
1972 жылдан - Махамбет атындағы Атырау қазақ драма театрының қоюшы-суретшісі. 1978 жылдан - Махамбет атындағы Гурьев қазақ драма театрының бас суретшісі. 1992 жылдан - сән үлгілерін көрсету және ұлттық киім тігу «Гүлмаржан сән үйі» шығармашылық шеберханасының ұйымдастырушысы және жетекшісі (Атырау). 2006 жылдан бері - Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі.